Жаңалықтар

Жібек Англияға аттанбақ


Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Жібек Тельтаева «Education First» білім тарату орталығы ұйымдастыруымен өтетін халықаралық  «EF Spelling Bee 2018» жобасының жеңімпазы атанды. 

Жоба 7-11 сынып оқушыларының арасында ағылшын тілін дамытуға бағытталған. Қазақстанның барлық өңірінен 3000 оқушы қатысқан байқау екі кезеңнен құралды – онлайн-тесттілеу және spelling (сөзді әріппен оқу). Бірінші кезең – EF English Proficiency Index, өткен жылдың желтоқсан айында өткен болатын. Ақтық айналымында қатысушылар spelling-тен жарысқа түсті.

«Нәтижесінде мен және тағы бір оқушы ең жоғары ұпай жинадық. Қазылар алқасы біз үшін қосымша айналым ойластырып, біз ағылшын тілінде шешендік өнерімізді көрсеттік», – дейді Жібек.

Қорытындысында  Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 Lсынып оқушысы жеңімпаз атанып, Ұлыбританияға бір апталық оқу жолдамасына ие болды.

«Жібек өте ұқыпты оқушы ретінде өзін көрсете біледі. Ең басты мақсаты қазір – мықты білім алу. Көптеген олимпиада, байқаулардың жеңімпазы. Енді Spelling Bee байқауының жеңімпазы атанғаны бізді қатты қуантады», – деді ағылшын пәнінің мұғалімі Гүлдана Болат.   

 

 

 



Қаралым: 133
Жарияланған: 09 Ақпан