News

Кореялық сарапшы Хонг У Ель: «Зияткерлік мектептерден үйренетініміз көп»


Астанада Оңтүстік Кореялық мамандар Зияткерлік мектептің  педагог-қызметкерлеріне тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастыру тәжірибелерімен бөлісті.

«Рухани – адамгершілік тәрбиенің дамуына заманауи көзқарас» тақырыбында өтіп жатқан біліктілікті арттыру курстары  Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына,  педагог – ұйымдастырушы – кураторларға және тәрбиешілерге арналды. Семинарда – «сауаттылық мәдениетін қалыптасыру», «патриоттық тәрбие», «өмірге ұмтылыс», «ата-анамен жұмыс жасау», «тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізудің әдістері» сынды маңызды  тақырыптар бойынша дәрістер оқылып, практикалық жұмыстар өткізілуде.

Еліміздің педагогтармен Оңтүстік Кореядан келген Шин Хён инновациялық мектебінің қызметкерлері  Хонг У Ель мен Пак Енг Юн өз біліктіліктерімен бөлісті.

«Осыдан 15  жыл бұрын Қазақстанда мұғалім болып екі жылдай қызмет еттім. Бұл менің екінші отаным. Біліктілікті арттыру курстарында байқағаным, педагогтар жаңашылдықты үйренуге құштар екендігі. Бұл мені аса қуантты. Ал Назарбаев Зияткерлік мектептеріне келетін болсақ, бұл инновациялық жоба. Шынымды айтсам білім саласына келгенде Кореяның Қазақстаннан үйренетін де біршама тұстары бар екенін жасырмаймын», деді өз ойымен бөліскен қоғамтанушы Хонг У Ель.

Петропавл қаласындағы Зияткерлік мектептің педагог – ұйымдастырушы –куратор қызметіндегі Сауле Уәлиева былай деді: «Мен үшін бұл семинардың маңызы зор. Көптеген қызықты және маңызды мағлұмат алып жатырмыз. Корея елінің мысалында тәжірибе алмасу біз үшін маңызды. Біздің жұмысымыздағы ата-анамен қарым-қатынасты құра білу, бала  тәрбиесіндегі жаңа әдіс тәсілдерді үйренудеміз. Ең маңыздызы осы сұрақтардың барлығын практикада қарастыруымыз болды. Одан басқа 20 Зияткерлік мектептің өкілдері бір жерде тоғысуы, үлкен тәжірибе алмасу алаңы болды».

Халықаралық семинарларды ұйымдастырып жүрген НЗМ дербес білім беру ұйымы Зияткерлік мектептерді дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділдің айтуынша – «осы сынды семинарлар жиі өткізіліп тұрады. Бұл өз кезегінде қызметкерлердің халықаралық деңгейде білімін шыңдауға оң әсерін тигізеді».

Семинар ауқымы үш күнді қамтиды. Педагогтар семинардан біліп – түйгендерін мектептегі әріптестерімен бөлісіп, жұмыста қолдануға асығуда. 

 

 

 



Просмотров: 152
Published: 26 February